Банкроттықтың салдары қиынға соғуы мүмкін
Бүгінде банк пен микроқаржы ұйымдары алдында қарызы жоқ қазақстандықтар аз. Көпшілік ай сайын тапқан-таянғанының жартысын, кейде түгелін дерлік берешекті өтеуге жұмсайды. Енді бірі қарызын қайтаруға қауқарсыз боп, оған белшесінен батып жүр. Сондай азаматтардың арқасындағы жүкті жеңілдету үшін елімізде алғаш рет жеке тұлғалардың банкроттығы енгізілді. Дегенмен, банкрот болғандарды бірнеше шектеу күтіп тұр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Жалпы, банкроттықты жариялаудың үш түрлі жолы бар: соттан тыс банкроттық, сот банкроттығы және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Барлық үш рәсімді де тек борышкер бастай алады. Яғни, несие берушінің мұндай рәсімді қолдануға құқығы жоқ.
Егер тұрғынның микроқаржы ұйымдары мен коллекторлар алдындағы берешегі 1600 айлық есептік көрсеткіштен, яғни 5,5 млн теңгеден аспаса, мұндай жағдайда соттан тыс банкроттық рәсімі қолданылады. Оған қатысты бірнеше шарт бар. Ал сот банкроттығы қарыздың жалпы көлемі 5 млн 520 мың теңгеден асқан жағдайда қаралады. Соның барысында борышкердің мүлкі сауда-саттықта сатылады. Үшінші рәсім – төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге тұрақты табысы бар азаматтар иек арта алады. Мұндай жағдайда сот қарызды бес жылға дейінгі мерзімде бөліп-төлеу мүмкіндігін қарастырады.
Жеке тұлғалар өзін банкрот деп тану үшін өтінішті «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы бере алады. Бұл ретте қандай да бір қосымша анықтамалар ұсынудың қажеті жоқ. Ақпараттық жүйе арқылы мүдделі мемлекеттік және басқа да органдардың деректерімен автоматты түрде салыстыру жүргізіліп, борышкердің талаптарға сай келер-келмесі тексеріледі. Өз кезегінде мемлекеттік кірістер органдары 15 күн аралығында өтінішті қарастырып, тиісті жауапты беретін боламыз. Ал сот банкроттығы, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру кезінде тұрғылықты жері бойынша сот немесе «Сот кабинет» арқылы өтініш беру қажет.
Мұның бәрі жақсы-ақ. Бірақ берешекке белшесінен батқан азаматтар банкроттықтың кері салдары мен белгілі бір шектеулері бар екенін де ұмытпағаны жөн. Павлодар облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ержан Тоқтархановтың айтуынша, банкроттықтың тиімді тұстарымен қатар, тиімсіз жақтары да бар.
«Банкрот болған азаматтар алдағы 5 жыл бойы банктерден және микроқаржы ұйымдарынан қарыз ала алмайды. Оған үзілді-кесілді тыйым салынады. Тіпті, тұрмыстық техниканы несиеге ресімдеуге мүмкіндік болмайды. Одан соң қайта банкроттық 7 жылдан кейін ғана жариялануы ықтимал. Сонымен қатар, банкроттықтан кейін 3 жыл аралығында қаржылық жағдайына сараптама жасалып, қандай да бір ірі сауда-саттық жасауына қатысты мониторинг жүргізіледі. Қарызды төлейтін, басқа мүлікті сатып алатын қауқары бола тұрып, банкроттықты ресімдесе, бұл әрекеті жалған банкроттық деп танылуы әбден мүмкін. Яғни, бұл – несиелік амнистия емес, оның салдары бірқатар шектеуге әкеледі», – дейді ол.
Жалпы, Павлодар облысында 20 мыңнан астам адам банкроттық жүйесін пайдалануы ықтимал. Өтініш қабылдау басталған алғашқы аптаның өзінде 500-ден ас там адам өзін банкрот деп жариялауға ниет білдірді. Олардың қатарында облыс орталығының 194, Екібастұздың 152 және Ақсу қаласының 54 тұрғыны бар. Олар соттан тыс банкроттыққа өтініш берген. Яғни, берешектері 5,5 млн теңгеден аспайды.
Категории: Актуальная тема, Финансы