Ассоциация банков Казахстана

Биыл инфляция 9-12%-ға дейін төмендейді – Ұлттық банк

Жылдық мәнде ақпан айындағы инфляция 21,3%-ға жетті.

Бұл туралы Үкімет отырысына Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов мәлім етті, деп жазады inbusiness.kz.

Оның айтуынша, елімізде инфляция Ұлттық банк болжамына сәйкес қалыптасуда.

 

«Қазақстанда инфляцияның айлық динамикасы 2022 жылғы наурыз айында ең жоғары мәнге жеткен соң, біртіндеп төмендеуде, бірақ ол ақпанда 1,3%-ға дейін аздап жеделдеді. Осылайша айлық инфляция құбылмалы болып тұр және 5 жыл ішіндегі орташа жылдық мәннен асатын деңгейді құрап отыр. Жылдық мәнде ақпан айындағы инфляция 21,3%-ға жетті», – деп нақтылады бас банк төрағасы.

 

Бұдан кейін ол болжамдарға көшті. Ғалымжан Пірматов осы айда инфляция бойынша көрсеткіштер қайта қаралғанын ескертті.

«Жаңа деректер мен сыртқы және ішкі факторларды ескере отырып, инфляция болжамы биыл 9-12%-ға дейін, 2024 жылы 6-8%-ға  дейін қайта қаралды, 2025 жылы өзгеріссіз – 4-6% деңгейінде сақталды», – деді Ұлттық банк төрағасы.

Мұны ол геосаяси жағдайдың салдарымен байланыстырды. Сондай-ақ Пірматовтың айтуынша, азық-түліктің әлемдік бағасының жоғары болуынан сыртқы проинфляциялық факторлар сақталуда.

«Инфляцияның ішкі тәуекелдері тұрақты ішкі сұранысқа, логистикалық жеткізу жолдарының қайта құрылуына және ынталандырушы фискалдық саясат пен жоғары инфляциялық күтулерге байланысты. Уақыты жеткен реформаларды жүзеге асырған жайда реттелетін бағалардың өсу ықтималдығы Ұлттық Банктің болжамында ескерілмегенін атап өтемін», – деп толықтырды спикер.

Еске сала кетсек, биыл 24 ақпанда Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені 16,75% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады.

Ұлттық банк төрағасының ойынша, 2023 жылғы бірінші жартыжылдықта базалық мөлшерлемені қазіргі мәнінде сақтау инфляцияны тұрақтандыруға ықпал етіп, оны орта мерзімді перспективада таргеттелетін деңгейге дейін біртіндеп төмендетуге көмектеседі.

«Инфляция таргеті туралы айтар болсам, инфляция таргетінің ішкі және сыртқы экономикада қалыптасып жатқан жағдайларға сәйкестігін бағалау үшін Ұлттық Банк өткен жылдың ортасынан бастап арнайы зерттеулер жүргізіп жатыр», – деді Ғалымжан Пірматов.

Категории: Қаржы

Сайт материалдарын заңсыз пайдалануға болмайды. Сайт AlmatySite.kz компаниясында жасалған